Бала өмірі қауіпсіздігі! » Ілияс Жансүгіров атындағы бастауыш мектеп
Қабылдау бөлімі :
+7(72643) 5-06-45
Сенім телефоны:
+7(72643) 5-06-45
Нашар көрушілер
нұсқасы
17
май
2022

Бала өмірі қауіпсіздігі!

«Бала өмірінің қауіпсіздігі маңызды» / баяндама   /             

Отбасы тәрбиесінің негізгі мақсаты – дені сау, ұлттық сана-сезімі оянған, рухани ойлау дәрежесі биік, мәдениетті, парасатты, ар-ожданы мол, еңбекқор, білімді азаматты тәрбиелеу. Бала да жас терек сияқты, қалай тәрбиелесең, жастан қандай тәрбие берсең, ертең есейгенде жас кезіндегі алған тәрбиесі өміріне негіз болмақ. Ата-ана бала қауіпсіздігін сақтауды ең бірінші орынға қою керек.
Күн сайын еліміздің қалаларында, ауылдарында автокөліктер саны өскен сайын жол апаттары да арта түсуде. Жол көлік оқиғалары жөніндегі деректерге зер салсақ, қалалық жерлерде жаяу жүргіншілердің кінәсінен болатын оқыс оқиғалар саны едәуір көп. Оның ішіндегі жас балалардың апатқа жиі ұшырайтыны: жастай өмірмен қоштасып, орны толмас өкінішке әкелетіні немесе ауыр жарақат алып, кейбірі өмірлік мүгедек болып қалуы мүмкін. Оның себептері: көптеген оқушылар жолда жүру ережесін сақтай білмеуінде. Олар көбіне ереже талабын бұзып, асығыстық жасап, жүгіріп өтуге ұмтылады. Асыға жолға жүгіріп шыққан баланың қауіпке ұшырайтыны, өзіне ғана емес, өзгенің де өміріне қатер төндіретіні баршаңызға мәлім. Осындай оқиғаларды болдырмас үшін мектепте мұғалім, үйде ата-ана балаға үнемі жолда жүру ережесін ескертіп отыруы міндетті. Әдетте кез келген ата-ана балаларды мектепке шығарып саларда «жолдан жүгіріп өтуші болма, машина қағып кетеді» деген ескертуден аса алмайды. Бұл - әрине, жеткіліксіз.
Бастауыш сынып оқушысы үшін үйден мектепке дейінгі жол қиындықтарын білуі тиіс. Сол үшін ата-анасы баласына жол-жөнекей кездесетін қиындықтарға, жол белгілеріне көңіл бөліп, үйреткені дұрыс. Жол көлікпен қатынасатын оқушыға ата-анасы жол қиылыстарынан өтуді, көлік толық тоқтағанда түсіп, мінуіне болатынын, өз аялдамасын дұрыс білуін, бөтен көлікке отырмауын ескеріп отырғаны жөн.
Бастауыш сынып оқушыларының күнделігінің алғашқы беттері, яғни баланың аты-жөні, мектебі, сыныбы, мекен-жайы, үй телефоны, әке-шешесінің ұялы телефондары, мектеп телефоны толық жазылып, баланың фотосы жапсырылуы тиіс. «Менің мектепке барар жолым» кестесі анық сызылып, қандай көшелерден, қандай қиылыстан, қай үйлердің арасынан жүретіні қызыл бағытпен сызылып көрсетілуі тиіс. Бастауыш сынып оқушыларының әсіресе 1-2 сынып оқушыларының мектепке әке-шешелері міндетті түрде өздері әкеліп-әкетуі керек.
Ата-ана баласына мектепке, көшеге, дүкенге барада үнемі мынаны ескеріп отыруы керек:
- Таныс емес, бөтен адаммен сөйлеспе;
- Мас және қауіпті адамнан алыс жүр;
- Бөтен адаммен подъезге, подвалға, лифтіге кірме;
- Сені артыңнан қуса, көп адамдар арасына жүгір.
Жалпы ата-ана баласының қайда және кіммен ойнап жүргенін білуі керек. Мектепке кешікпей баруын, үйге уақытысында келуін қадағалағаны абзал.
Баланың жарақат алуы көбінесе мектеп пен үй арасында болады. Көшеде ұзақ ойнап жүріп қалған бала міндетті түрде қиын жағдайға тап болуы мүмкін (балалармен ойнап жүріп ерегісіп, төбелесіп қалуы, бір-бірінің заттарын тартып алуы, бөтен бұзақы балалардың көзіне түсуі және олардың ақша талап етуі, дүкеннен жарылғыш заттарды сатып алып ойнауы, т.с.с.). Ата-ана балаға артық ақша бермеуі керек. Үшкір заттар мен газды балондар алып жүрмеуін қадағалауы қажет.
Көбінесе ата-ана жұмыста болып, бала үйде жалғыз қалатын кездер болады. Балаға техника қауіпсіздік ережелерін және мынаны ескертіп отыруы керек: үйде жалғыз қалғанда электр жүйесіне жақындамау, газ плитасына тиіспеу, терезені ашпау, бөтен кісіге есік ашпау, т.с.с. Ата-анасының әрбір ескертуін ұмытпай, ереже талабын бұлжытпай орындаған балалардың әр түрлі сәтсіздіктен аулақ болатыны шындық.
Құрметті ата-ана, балаларыңызды жолда қараусыз қалдырмаңыз, жолда жүру ережесін сақтауда балаларыңызға үлгі болыңыздар. Егеменді еліміздің болашағы – балалар. Сондықтан бала өмірінің қауіпсіздігіне немқұрайлы қарамайық.
Баланың есімін жасыру
Балаңыздың сөмкесіне, түскі ас қорабына атын ешқашан жазбаңыз. Сондай-ақ, аты жазылған ешбір құрылғыны бермеңіз. Бейтаныс адам содан балаңыздың есімін біліп алып, атымен шақырса, бала таныс адам екеніне, қазір оны ата-анасына апаратынына сеніп қалуы мүмкін.
Одан да сөмкесіне өзіңіздің телефон нөміріңізді жазып қойыңыз. Жоғалтып алған жағдайда, тапқан адам соған хабарласады.
Көліктен кері бағытқа қарай қашу
Балаңыз бөтен адамның көлігіне отыруға болмайтынын біле ме? Білсе, тағы бір ескерту: жанына бейтаныс көлік тоқтап, рөлдегі адам балаға сөйлесе, назарын аударғысы келсе, машина жүріп бара жатқан бағыттан кері қарай қашу керек. Бұл уақыт жағынан ұтып, баланың қашып кетуіне немесе көмекке шақыруына мүмкіндік береді.
Құпиясөз ойлап табу
Егер балаңыздың мектебіне бөтен біреу келіп, “Сені анаң алып кетуді тапсырды, қазір сені оның жұмысына алып барамын” десе, балаңыз одан ата-анасының есімі мен құпиясөзді сұрасын. Бұл құпиясөзді балаңызбен бірге ойластырыңыз. Себебі, шынында да жұмысыңыздан шыға алмай достарыңыздың біреуіне оны мектептен алып кетуді тапсырып қалуыңыз мүмкін.
Құпиясөз ешкімнің ойына келмейтіндей болуы керек. Мысалы, “Сары аспан”, “Қызыл банан”, т.б.
Мен оны танымаймын!” деп айқайлау
Егер бөтен адам балаңыздың қолынан ұстап, бір жаққа әкетіп бара жатса, ондай жағдайда “Мен оны танымаймын! Мені әкетіп бара жатыр!” деп айқайлауды үйретіңіз. Барынша қарсылық танытып, тырнап, тістеп, теуіп, айналадағы адамдардың назарын аудартсын.
Арақашықтықты сақта
Балаға бейтаныс адаммен сөйлесуге болмайтынын айтыңыз. Егер сөйлесе қалса, екі жарым метр қашықтықта сөйлесу керек екенін түсіндіріңіз. Оның қандай аралық екенін көрсетіңіз. Егер бейтаныс адам балаға бір қадам жақындаса, бала сонша қадам артқа шегінсін. Осыны балаға көрсетіп, үйретіп қойыңыз. Бөтен адаммен ұзақ сөйлесуге де болмайды.
Бейтаныс адаммен бірге лифтке кірмеу
Балаңызға лифт күткен кезде айналасына назар салуды үйретіңіз. Тағы кімдердің  күтіп тұрғанын көрсін. Егер танымайтын тағы бір адам лифт күтіп тұрса, онымен бірге кірмегені дұрыс. Балаңызды лифтке шақырса, “Әкемді күтіп тұрмын” деп айта салсын.
Есікті бөтен адамдарға ашпау
Балаға есікті біреу қаққанда “Бұл кім?” деп сұрауды үйретіңіз. Егер оған ешкім жауап бермесе, есіктің “көзінен” ешкім көрінбесе, есікті ашуға болмайды. Егер “сантехик, электрикпін” десе де, есікті ашпасын.
Әлеуметтік желіде танысқан адаммен кездеспеу
Балаңызға әлеуметтік желіде танысқан адамдарға өзінің қайда тұратынын, телефон нөмірін, қай уақытта қай жерлерде серуендейтінін, мектептен нешеде шығатынын айтуға, онымен жалғыз кездесуге болмайтынын түсіндіріңіз. Себебі, желідегі 10 жасар Марат шын мәнінде қырықтың үстіндегі арам пиғылды адам болуы мүмкін.


                                                          №49 бастауыш мектебінің меңгерушісі:Косаева Г.Р.